Жазықсыз жындыханаға жабылған Маржан Тұрлыбаеваның жан тебірентерлік хаты "Сәлеметсіздер ме! Мен - Маржан Тұрлыбаева, әлі Түркістандағы индомда сот шешімін күтіп жатырмын. Жақында Алматыда бір ай тексеруден өтіп келдім. Ол жақта әйтеуір "әділдік" бар екен, дәрігерлер "сен сияқты сап-сау қыз не істеп жүр мұнда?" деп таңғалды. Түгелдей тексеріп, көз жеткізу үшін қитұрқы сұрақтар қойып, әдейі ашуландыруға тырысты, бірақ берілмедім. Құдай оңдап, "жақсы шешім" шығарды. "Мінезінде тұрақсыздық бар" деп жазған да болар, мінезімнің аздап қызбалау екенін білем, бірақ ол туабітті мінезім (сол қызба мінез үшін жындыxанаға жаба берсе, әлемде адам қалмас). Алматыдан шыққасын, Түркістанға аяғым тартпаса да, амал жоқ келдім. Бірақ содан бері 2 айдай уақыт өтті. Бұл жақтағылар не істерлерін білмей әлі жүр, менің сау екенімді растайтын құжат берейін десе, көп адам жылы орнымыздан қоштасамыз деп қорқады, "жынды" дейін десе, саумын, әрі Алматының қорытындысы бар. Шулы істен судялар да ат-тондарын ала қашып, жиі ауысады. Өйстіп, босайтын күнімді күтіп отырғанымда, бүгін Түркістан прокуратурасының мынадай ақпаратын оқып, егіліп тұрып жыладым. Жаралы жүрегімді ол жерде отырған пенделер одан әрі тырнады. Прокуратура білем, "отчет дейді", "очко дейді", соларды жинау үшін басы бар, аяғы жоқ мәлімдеме бере салады, бірақ менің ішкі жан дүниемді ойлап отырған біреуі жоқ! Адамдар, қатігезсіңдер! "Маржан Тұрлыбаеваға қатысты қылмыстық іс жабылды!" деп жерден жеті қоян тапқандай жар салыпты! Сонда 8 жыл бойы тартқан азабым, көз жасым қайда қалды? Әрине, сендер үшін детдомның балалары - мусор ғой тастай салатын. Біздің көз жасымыз сендерге түк емес! Тек арттарыңды ғана ойлайсыңдар! Бірдеме болса "Құдайдың алдында жауап береді" дейсіңдер, мен айтар ем, маған істеген істері үшін, әр азапты күнім үшін ЖАУАП БЕРЕТІНДЕР ОСЫ ӨМІРДЕ ДЕ ЖАЗАСЫН АЛСЫН! Ана өмірде де жауап берсін... Шалқып жүрсіңдер, адамдар. Мына жақта 8 жыл емес, 8 сағат отыра алмас едіңдер. Өңкей ақылы ауысқан адамдардың ортасында. Мені орындарыңа қойыңдаршы, туғаннан шешелерің тастап кетеді, ананың жылуын сезбей, жетімxанада жылап өстім, сөйтіп жүргенде он жасымда бір әйел кеп "анаңмын" деп әкетіп, үйіне апарып көрсетпегенді көрсетеді, ақыры менен құтылу үшін жындыxанаға жауып тынды. Тірі әкемді "әкең жындыxанада өлген, сен де сөйтесің" деді. Әкем тірі болса, өлді деген справка жасатқан ба? Ол да сатыла ма? Масқара. Менің қазіргі туалетке тасталып жатқан баладан еш айырмашылығым жоқ қой сонда. Ол әйел мені шығармас үшін жыласа да сықтаса да, бәрін істеп жүрген болар, оны жақсы білем. Сонда ана жүрегі жылымаса да, ар алдында өз-өзінен ұялмай ма? Құдайдан қорықпай ма? Он тоғыз жылым осындай азаппен өтті. Алты-ақ сынып білімім бар, маған әлі аттестат алу керек, оқу керек, тұрмыс құру керек. Уақыт деген зулап өтіп жатыр. Ал Шымкенттегі "артын" ойлағандар бір-біріне сілтеп, істі жүргізуге, мені босатуға асығар емес! Өтінем сіздерден, осы іс әділ шешімін табу үшін қоғам болып көмектесіңіздерші. Адвокат, судяларды, өзімді "Айтуға оңайға" шақырыңыздаршы. Бүгін ашу үстінде аудиожазба жіберіп отырмын Жанат әпкеге. Мені түсінесіздер деп ойлаймын. Маржан Тұрлыбаева".